
2026 жылғы 2 қарашада «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына британдық журналист, жазушы және Орталық Азия тарихын зерттеуші Ник Филдинг (Nick Fielding) келді.
Делегация құрамында ALMATY MANAGEMENT ұйымының президенті әрі негізін қалаушы Асылбек Базарбаевич болды. Кездесуге Айыртау ауданының әкімі Мейрам Жақсылықұлы Мендібаев та қатысты.
Қонақтарды қазақ халқының дәстүріне сай бауырсақ пен қымыз ұсынылып, ұлттық қонақжайлылықпен қарсы алды.
Келген қонақтарға музей экспозициялық залдары бойынша экскурсия жүргізіліп, Ботай мәдениетінің тарихы, бірегей археологиялық олжалары, ежелгі тұрғындардың шаруашылығы мен Ботай қонысының Ұлы дала тарихындағы маңызы туралы жан-жақты баяндады.
Ник Филдинг Қазақстан, Орталық Азия және Ұлы дала тарихына арналған зерттеулері мен еңбектері арқылы танымал. Оның Қазақстанға сапары еліміздің тарихи өткені мен мәдени мұрасын тереңірек зерттеуге деген қызығушылығымен байланысты.
Музейге сапары барысында шетелдік қонақ Ботай мәдениеті туралы мол мағлұмат алып, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштері, олардың ғылыми маңызы, сақталуы мен насихатталуы жөнінде ақпарат алды.
Кездесу барысында Ботай мәдениетінің әлемдік тарихтағы орнына, адамзаттың көне тарихын зерттеудегі маңызына және осы бірегей мұраны одан әрі ғылыми тұрғыда зерделеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Аталған сапар Солтүстік Қазақстан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға, шетелдік зерттеушілердің қызығушылығын арттыруға және Ұлы дала тарихын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды кездесу болды.